4 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 4 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.
4 мамыр, ЖҰМА
Жастар күні (Қытай). 1919 жылдың 4 мамырында көшбасшыларымен бірге Бейжің университетінің 3000-ға жуық студенттері Тяньаньмэнь алаңына жиналып, Қытай үшін әділетсіз Париждің бейбіт келісімін қабылдаудағы үкіметтің шешіміне қарсы шықты. Алғашында Шэньси-Ганьсу-Нинся ауданында Солтүстік-Батыс жастар одағы осы күнді атап өте бастады, ал 1949 жылдың желтоқсан айында Орталық халық үкіметінің мемлекеттік әкімшілік кеңесі (ҚХР) бұл күнді мереке ретінде жариялады.
Жапонияда көгалдандыру күні. «Көгалдандыру күні» Жапонияда 2007 жылға дейін сәуірдің 29-ында атап өтілген. Мерекенiң табиғи атауы Сёва Императорының атымен және оның қағылез табиғатқа деген терең махаббатымен байланысты.
2007 жылдан бастап бұл күн 4 мамырда атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы «Қазақша жер-су аттарын, атауларды орыс тілінде дәл жазуды тәртіпке келтіру және Қазақстан Республикасы жекелеген әкімшілік-аумақтық мекендерінің атауларын өзгерту туралы» қаулы қабылдады.
20 жыл бұрын (1993) Алматыда Абай атындағы қалалық қордың тұсаукесер рәсімі өтті.
12 жыл бұрын (2001) Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында Төле биге ескерткіш орнатылды.
8 жыл бұрын (2005) Елбасы «Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан әрі пайдалану жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
6 жыл бұрын (2007) ұзындығы 235-шақырымдық Хромтау-Алтынсарин жаңа теміржол желісі учаскесі пайдалануға берілді. Жаңа теміржол желісі Қазақстанның солтүстігіндегі астықты және орталығындағы өнеркәсіпті аймақтарды елдің батысына қарай ең қысқа жолмен жалғастырады. Бұдан басқа, Қазақстаннан өтетін экспорттық жүктерді балтық және қаратеңіздік айлақтарға өткізетін жаңа жолбағыт жасақталған.
4 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тауарлық биржалардың қызмет үдерісі мен биржалық сауда-саттықты жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін «Тауар биржалары туралы» Заңға қол қойды. Елбасы сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы «Тауар биржалары туралы» Заңға сәйкестендіруді қарастырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлық биржа мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
4 жыл бұрын (2009) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы оқу орнының тарихы туралы жаңа мұражайы галереясының бірінші тасын және капсуласын қою рәсімі өтті. Шара еліміздің алдыңғы қатарындағы университеттің 75-жылдық мерейтойына арналған.
Мұражайдың қорында фотоматериалдар, қолжазбалар, сувенирлер, сыйлықтар, суреттер, портреттер, кiтаптар, ғалымдардың монографиясы және тағы басқа 14 мың бiрлiк нақты материалдар жинағы бар.
Мұражайдың жалпы ауданы - 900 шаршы метрді, университет тарихының галереясын қосқанда (өткел) - 540 шарша метр, Даңқ залы - 120 шаршы метр, «ҚазҰУ - бүгін, ертен» залы - 240 шаршы метрді құрайды.
Мұражайда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi рәсімделген және құрметті қонақтармен, шетелдік делегациялармен, ардагермен, жастармен кездесулер өткізуге арналған.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1928-2002) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері АХМЕТОВ Зәки Ахметұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясының Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. 1951-1975 жылдары - Қазақ қыздар педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, деканы. 1975-1986 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, директоры, Ғылым академиясының академик-хатшысы, вице-президенті, 1986 жылдан Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі болған. Ғалымның зерттеулері қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы мәселелеріне, қазіргі әдебиеттанудағы дәстүр мен жаңашылдық, көркемдік шеберлік, поэтика, әдеби байланыстар проблемаларына арналған. Қазақ өлеңінің өзгешеліктері мен құрылымын зерттеудің ғылыми жүйесін жасаған. Абайтану, Әуезовтану мәселелерін текстологиялық, тарихи қырынан зерттеген іргелі ғылыми монографиялар жазған. 1954, 1957, 1970, 1995 жылдары Абайдың толық шығармалар жинағы басылымдарын дайындап, құрастырушылардың және түсініктемелер авторларының бірі болған. 1992 жылы «Өлең сөздің теориясы» деп аталатын монографиясы Қытайда жарық көрген. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
125 жыл бұрын (1888-1952) тарих ғылымының докторы, профессор, Украин Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі ЮШКОВ Серафим Владимирович дүниеге келді.
Санкт-Петербор университетін бітірген. Саратов, Ленинград университеттерінде, Өзбек педагогика академиясында, Дағыстан, Свердлов педагогикалық институттарында, Мәскеу заң институтында профессор болып, екі жыл Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының директоры қызметін атқарған. КСРО-да маркстік-лениндік құқық тарихының қалыптасуы Юшков есімімен тығыз байланысты. Бірқатар оқулықтары мен ғылыми еңбектері жарық көрген. Оның «Советтік дәуірге дейінгі Қазақстандағы феодалдық меншік мәселесі» атты мақаласында қазақтың көшпелі мал шаруашылығы жағдайындағы патриархалдық-феодалдық қатынастарының мәні мен ерекшеліктері туралы пікір бар.
«Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған.
79 жыл бұрын (1934-1986) қазақ жазушысы, белгілі сатирик ӘУБӘКІРОВ Оспанхан дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үшбұлақ ауылында туған. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетін тамамдаған. Мамандығы актер болғанымен, өзінің шығармашылық мұратын сатирадан тапқан. Ол республикалық газеттерде, «Ара» журналында қызмет істеген. Сатиралық жанрмен бірге, балаларға арналған өлеңжыр, ертегі, пьеса, белгілі композиторлардың әндеріне мәтін жазумен, аудармамен де айналысқан. Әзиз Несиннің «Ахиреттен келген хаттары», Бранислав Нушичтің «Менің өмірбаяным», Лао Шэнің «Мысықтар қаласын», Э.Рапкенің «Мюнхаузеннің хикаяларын» қазақ оқырмандарына ұсынған. 1983 жылы балаларға арналған «Қағаз қалпақ» сатиралық жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығы берілді.
99 жыл бұрын (1914-1986) фармацевт-ғалым, драматург, медицина ғылым докторы, Қазақстанға еңбегі сіңірген фармацевт СҰБХАНБЕРДИН Сәлкен Хасенұлы дүниеге келді.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туылған. Мәскеу медицина институтын бітірген (1959). Семейдегі өлкелік фармацевтика техникумы оқу бөлімінің меңгерушісі (1933 - 1935), директоры (1935 - 1938), Алматы (1938 - 1942) және Жамбыл (1942 - 1945) облыс, республика (1948 - 1973) дәріхана басқармаларының меңгерушісі, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында кафедра меңгерушісі (1973 - 1975) қызметтерін атқарды. Сұбханбердиннің негізгі ғылыми жұмыстары Қазақстандағы дәріхана ісінің даму тарихына арналған. Сұбханбердиннің басшылығымен Дәрігерлер білімін жетілдіру институтында фармацевтика кафедрасы ұйымдастырылды, орта медицина оқу орындарында фармацевтика факультеті, Шымкент қаласында фармацевтика институты, Алматы қаласында фармацевтика факультеті ашылды. Оның "Дәрі - дертке дауа, жанға шипа" (1965), "Өсімдік дәрі-дәрмек қоймасы" (1968), "Денсаулығыңды ойласаң" (1974, М.Әлімбаевпен бірге) атты еңбектері, "Шындық", "Сатып алған ауру", "Жаңа жандар", т.б. пьесалары "Шындық" атты жинаққа енген (1977). 74 ғылыми еңбектің авторы. 2 рет "Құрмет белгісі" орденімен марапатталған.
76 жыл бұрын (1937) Қазақстаннның Еңбек Ері, «Зенченко және компания» коммандиттік серіктестігінің бас директоры ЗЕНЧЕНКО Геннадий Иванович дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында туылған.
Петропавл ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын бітірді. 1973 жылы Петропавл педагогикалық инстиутын сырттан оқып аяқтады.
1962-1973 жылдар «Ленин» кеңшарында электр слесары, мұнай бпазасының меңгерушісі, меанизатор машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, бас инженері, Совет аудандық «Қазсельхозтехника» бірлестігінің басқарушысы болды, 1973 жылы Соет аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды.
1976 жылдан - «Новоникольский» кеңшарының директоры. Шаруашылық екі рет қайта құрлып, 1992 жылы «Новоникольское» ауыл шаруашылығы қауымдастығы, 1997 жылы «Зенсченко және компания» командиттік серіктестігіне айналды, осы шаруашылықта Г.И.Зенченко бас директор болып қызмет етуде.
2008 жылы оған Қазақстанның еңбек Ері атағы берілді, екі рет «Отан» орденімен, Еңбек Қызыл ту орденімен және көптеген медальдармен марапатталған, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
64 жыл бұрын (1949) медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЦОЙ Игорь Гиленович дүниеге келді.
Ақмола қаласында туған. (медицина ғылымдарының докторы (1988), профессор (1990), Қазақстан Республикасы Профилактикалық академиясының академигі (1995). Целиноград мемлекеттік медицина институтын (1972, қазіргі Астана мемлекеттік медицина академиясы) бітірген. Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау министрлігінің Эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар институтында кіші және аға ғылым қызметкер (1972-1976, 1980-1989); Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау милігінде ғылым бөлімінің бастығы (1976-1980), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тағамтану институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары (1989-2001) болды. 2001 жылдан «Қазақ тағамтану академиясы» ЖШС-нің 1-вице-президенті қызметін атқарады. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты аллергология және иммунология салаларына арналған. Цойдың басшылығымен асқазан қатерлі ісігіне, өкпе туберкулезіне, көкжөтел, т.б. ауруларға қарсы арнайы емдік-профилактикалық тағамдар жасалып, сынақтан өткізіліп, өндіріске енгізілді. Адамдардың иммунитетін көтеру үшін тағамға биологиялық белсенді қоспаларды қосып, арнайы тағам өнімдері алынды; иммунокоррекция әдістері жетілдірілді. 450-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 7 монографияның, 2 кітаптың авторы. 35 авторлық куәлігі мен патенті бар. Цой «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі және қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған (2001).
64 жыл бұрын (1949) ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің инвестициялар департаменті директорының орынбасары ТРОШИХИН Михаил Васильевич дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Ленин ауыл шаруашылығы техникумын, Целиноград ауыл шаруашылығы институтыцн, Еуразия мемлекеттік университетін бітірген, ғалым-агроном, заңгер.1971-1979 жылдары - «Амангелі» кеңшарынің бөлімше агрономы, «Новомихайловский» кеңшарында агроном, бөлімше басқарушысы. «Становский» кеңшары партком хатшысы. 1979-1982 жылдары - Мамлют аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы. 1982-1991 жылдары «СҚО Мамлют ауданы «Минсекерский» кеңшарының директоры. 1991-1992 жылдары - Тимирязев аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1992-1996 жылдары СҚО Тимирязев аудандық әкімшілігінің басшысы, аудан «әкімі. 2007-2011 жылдары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауылдық аумақтар ісі жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қаңтардан бері.
«Құрмет» (2000); ІІ дәрежелі «Достық» (2005) ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Тыңға 50 жыл», «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Америка Құрама Штаттары Техас қаласының құрметті азаматы.
60 жыл бұрын (1953) Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинооператор факультетінің шебері-жетекшісі СҮЛЕЕВ Болат Қалиұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысы Шу ауданының Шу ауылында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының кинооператорлық факультетін бітірген (1978), фильм кино-операторы.
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы операторлық факультетінің студенттеріне арналған оқу-әдістемелік көмекші құралының авторы. «Әнші ауыл» деректі фильмінің (1984); «Маңғыстау ежелгі құсы» мультфильмінің (1984) сценарий авторы.
1977-2008 жылдары - Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қоюшы операторы. 2006 жылдан бері - Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясы кинооператорлық факультетінің шебер-жетекшісі.
«Нити» (1977), «Бақтағы үй» (1978), «Өмір палитрасы» (А. Сүлеевпен бірге, 1983), «Под стук колес» (1984), «Атамекен» (А. Сүлеевпен бірге, 1993), «Қазақстан тарихына саяхат» (1997) және т.б. деректі фильмдердің; «Когда тебе 12 лет» (1978), «Тайна поющего острова» (А. Сүлеевпен бірге, 1980), «Үш күн мереке» (1981), «Аңшы» (1983), «Мой дом на зеленых холмах» (1986), «Таулардан биік» (1988), «Қоштасқым келмейді» (А. Сүлеевпен бірге, 1992), «Жамбылдың жастық шағы» (1996), «Сиқырлы демеуші» (2001), «Прыжок Афалины» (2009) және тағы басқа көркем фильмдердің қоюшы операторы.
ҚР Кинематографтар одағы кинооператорлық секциясының төрағасы. ҚР Кинематографистер одағының хатшысы. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмөт грамотасымен марапатталған.
38 жыл бұрын (1975) ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы ЕСТАЕВ Абзал Қуанышбекұлы дүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетін бітірген, саясаттанушы және Орта Азиялық университетін бітірген, заңгер. Алматы қаласы бойынша баға және монополияға қарсы басқармасының жетекші маманы, бас маманы болып қызмет атқарған (1997-1999 жж.); Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінде түрлі лауазымдарды атқарды (1999-2004 жж.); Алматы қаласының Жетісу аудандық Әділет басқармасының бастығы (2004-2006 жж.); Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша басқармасының бастығы (2006-2008 жж.); Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры (2008-2012 жж.). Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы ақпаннан бері. «Астана қаласына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
53 жыл бұрын (1960) австрия саяси қайраткері Вернер ФАЙМАН дүниеге келді.
85 жыл бұрын (1928) Египеттің бұрынғы президенті (1981-2011) МУБАРАК Хосни дүниеге келді.
79 жыл бұрын (1934) кеңестік және ресейлік театр және кино актрисасы, Ресей халық әртісі САМОЙЛОВА Татьяна Евгеньевна дүниеге келді.
65 жыл бұрын (1948) Тонга королі Джордж ТУПОУ V дүниеге келді.
46 жыл бұрын (1967) Гүлзат ШОЙБЕКОВ дүниеге келді. Жазушы, Қазқстан Жастар одағы сыйлығының иегері.
38 жыл бұрын Абзал Естаев (1975) дүниеге келді. Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары жөнндегі комитетінің төрағасы.